Оразаның сырлары
Оразаның сырлары

Алла Тағала парыз қылған әрбір құлшылықтың астарында даналыққа толы көптеген сырлар мен пайдалар бар екені анық. Солардың қатарында ОРАЗА да бар.

Әрине біз оразаны Алла парыз қылғаны үшін ұстаймыз. Алайда, ораза таң атқаннан кеш батқанға дейін ас-судан тыйлыумен ғана өлшенбейді. Оразаның қандай пайдалары бар, оны міндеттеудің астарында қандай сырлар жатыр екен деп үңіліп қарайтын болсақ алдымыздан біраз нәрсе шығады..

Оразаның пайдаларын ЖЕКЕ АДАМҒА және ҚОҒАМҒА қатысты деп бөлуге болады.

Жеке басымызға тоқталсақ...

Алдымен, денсаулығымыз үшін маңызы зор. Ораза 11 ай бойы тыным таппай жұмыс істеп тұрған асқазанымызды демалдырып, бойымыздағы зиянды заттардың шығуына, артық салмақтан арылуымызға септігін тигізеді. Ал, артық салмақтың зарарлы екендігі айтпаса да белгілі. Сондай-ақ, өзіміз байқамай жүрген ауруларымызға да шипа табуымыз мүмкін. Себебі, ашыққан кезімізде организм өз-өзін емдей бастайды, нақты айтқанда, түрлі ауруға шалдыққан клеткаларды қорек етіп, оларды ыдыратып жібереді. Қазіргі уақытта ашығу медицинасы деген саланың қанат жайып келе жатқандығы да сондықтан. Бұл үшін, сәресі мен ауызашарда жейтін тағамдарымыздың сапасы мен көлеміне мән беріп, тамақтан соң бірден ұйқыға жатудан сақтануымыз керек.

Ал енді, рухани пайдаларына келейік.

Ораза тілімізді түрлі жаман сөздер мен өсек-аяңнан тыюға үйретеді, ашуымызды жеңе білуге, сабырлылық пен салмақтылыққа тәрбиелейді. Қалайша?!

Таңертеңнен кешке дейін су-тамақтан тыйылу оңай нәрсе емес. Елдің бәрінің түске дейін ұйықтап, түстен кейін салқын душқа түсіп алып демалып жатуға мүмкіндігі бола бермейді ғой. Небір қиын жұмыстарда істейтін жандар қиналғанына қарамастан сабыр ету арқылы өз-өзін шыңдай түседі, мінезін сабырлылыққа тәрбиелейді.

Сондай-ақ, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ораза ұстаған кездеріңде жаман сөз (өсек-өтірік, ғайбат, былапыт сөздер) сөйлемеңдер, айқай-шу шығармаңдар! Біреу сендермен ұрсысса немесе ерегессе «Менің аузым берік», - деп айтыңдар», - деген өсиет қалдырған.

Басқа бір хадисінде «Кімде-кім өтірік пен бос сөздерден, бос істерден және күнә жасаудан тыйылмаса, оның тамақ пен судан бас тарқанының Аллаға ешқандай қажеті жоқ», - дейді. Бұл хадистерден оразаның парыз болуындағы мақсат анық аңғарылады. Яғни, оразаның мақсаты – кісіні кемелдікке жеткізу, оны түрлі жаман әдеттерден тыю, дені – сау, жаны – жайсаң, рухы – мықты, мінезі – көркем адам болуға жетелеу.

Ал қоғамға қандай пайдасы бар?!

Алдымен, егер әр адам ораза ұстау арқылы оның шынайы мақсатына қол жеткізетін болса, мұндай адамдардан құралған қоғам да жақсы болатыны сөзсіз.

Сондай-ақ, халқымызда әдемі бір мақал бар. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, Тоқ бала аш болам деп ойламайды», - деген. Оразада ашығудың, шөлдеудің не екенін сезінетініміз анық. Сол кезде дүниеде ішерге тамақ таппай жүрген қаншама жандардың бар екенін, тіпті айналамызда да қаншама жағдайы төмен отбасылардың барлығын, олардың кішкентай баларының қарны тойып тамақ жей алмай жүргенін ойлайтын болсақ, олардың жағдайын шын түсінетін боламыз. Өйткені аштықтың не екенін көрдік. Содан барып, өз халімізге шүкірлік етеміз және сондай мұқтаждарға қол ұшын беруіміз керек екеніне көзіміз жетеді. Егер, өз жағдайымыз да мәз емес болса, онда еңбек етеміз де, тапқанымызбен бөлісеміз.

Пайғамбарымыз Рамазан айнында жасалған жақсылықтарға басқа айлардағыға қарағанда бірнеше есе артық сауап жазылатынын айтқан. Сондықтан, мол сауапқа кенелуді көздеген адамдар осы айда барынша жақсылық жасап қалуға тырысады. Бұл, өз кезегінде олардың бойына «қайырымдылық жасау» деген жақсы әдеттің сіңуіне септігін тигізеді. Осылайша, адамдардың арасындағы жанашырлық пен сүйіспеншілік артады.

«Ораза ұстаған адамға ауыз аштырған кісіге де оразаның сауабындай сауап жазылады», - деген хадиске де амал етуге тырысқан ағайын-жұрт бір-бірін ауызашарға шақырып, нәтижеде, туыстықтары арта түседі.

Аузымызды ашып алған соң, ұйықтап қалмай немесе бос әңгімемен уақыт өткізіп алмас үшін, кешкі уақытта ТАРАУЫҚ намазы деген керемет құлшылық тағы бар. Бүкіл мұсылман баласы мешітке жиналып, бір имамның арқасынан ұйып, намаз оқып, Құдайға жалбарынады. Имамның уағызын тыңдап рухани байлығын арттыра түседі. Ауыз ашарда көрмей қалған жақындары мен достарын кездестіреді. Елі үшін, жері үшін, күллі әлемнің тыныштығы үшін дұға қылады. Жүздерін бір құбылаға қаратқан исі мұсылманның береке-бірлігі арта түседі. Осыдан артық не бар?!

Иә, оразаның сырлары мұнымен бітпек емес. Бұл жазылғандар, біздің естіген-түйгендеріміз ғана. Сіз ойлансаңыз тағы да басқа пайдаларына көзіңіз жететініне күмәнім жоқ.

Келе жатқан қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Алла баршамызға денсаулық берсін! Аман-есен оразамызды ұстап, мол сауапқа кенелейік. Оразаны парыз қылғанда Алла Тағала нені мақсат еткен болса – баршамызға соған жетуді нәсіп етсін!

Kuanysh SerikKuanysh Serik
5 жыл бұрын 3596
0 пікір
Блог туралы