Ұрысу мен ұғысу
Ұрысу мен ұғысу

Ұрысу мен ұғысу

   Бауыржан Момышұлы атамыз соғыстан бұрын Шымкентте экономист болып жұмыс істеп жүрген кезінде, бастығы ауысып кетіп , жаңа келген бастығы ол кісіні түртпектеп, қызметін жоққа шығарған соң, бастығынан көңілі қалады да, жүмыстан шығып, ауылға қайтып кетеді. Бір күні үйінде жүрсе Алматыдан үлкен бастық шақырып жатыр деген телегрмамма келеді. Әкесінің : Шақырғанға бар, шалғанмен тірес. Құлшынғанмен күрес. Жығылсаң жер көтереді. Бірақ опынғаныңды айтпа, одан кейінгі ойланғаныңды айт. Ызаңды айтпа, ызадан соңғы ындының мен ықыласыңды жеткіз. Жақсының басынан дау кетпейді. Жаманның басынан жау кетпейді. Тірі тұрғанда талай дауың да, жауың да болады, шырағым. Бар, бетіңнен жарылқасын. Алжығанда келген атақ – абырой әпермейді. Атақ, абыройыңды жас кезіңде қу, қарағым, – деген өсиет-батасын алған соң, соны көңіліне медеу етіп Алматыға жолға шығады. Келсе үлкен бастығы жылы жүзбен күлімдеп қарсы алады. Бұған таңғалған Бауыржан ағамыз: «Сөз бастамас бұрын сізге бір сұрақ қойсам бола ма?» - дейді. Ал, қой деген соң, «Неге маған ұрыспадыңыз, бұлай жылы қарсы алуыңыздың сыры неде?» - деп сұрайды. Сонда әлгі кісі: Ұрысуға адам әрқашанда үлгіреді. Одан бұрын ұғысуды ойлау керек. Ал, ұрысу қажет болса, кейін өзіңіздің тәртібіңізге, шабан-шалағайлық көрсетсеңіз, оған да қарап ұрыса жатармыз. Алдымен адамның жақсылығын көру абзал», - деп жауап берген екен. Ар жағы не болды екен деп қызықсаңыз, Әзілхан Нұршайықовтың батыр атамыз жайлы жазған «Ақиқат пен аңыз» кітабынан тауып оқып алуыңызға болады.

   Ал, менің айтпағым күнделікті өмірімізде, достарымызбен, әріптестерімізбен немесе жұбайымызбен, баламызбен, тіпті ата-анамызбен (өкінішке орай)  т.б-лармен қарым-қатынасымызда ақылымыздан тіліміз бұрын қимылдап, ашуға ерік беріп, адамдарды ренжітіп алатындығымыз жайлы. Адамның көңілі ең маңызды нәрселердің бірі. Сондықтан, оған сызат түсіріп алудан сақ болып, үнемі сабырмен әрекет етсек, айтар сөзіміз бен істер ісімізді ой елегінен өткізіп барып жүзеге асырсақ, біреуге ұрыспас бұрын, осы шынымен дауыс көтеруге тұрарлық па, ақылмен айтсақ та түсіндіру мүмкін ғой дейтін болсақ, артынан өкінбейтініміз анық.

   Әрине, ауызбен айту жеңіл. Ал, шын өмірде бұған амал ету оңай емес. Дегенмен, тырысатын болсақ қолымздан келеді деп білем. Бірден бәрі бола қалмайды әрине, біртіндеп-біртіндеп өзімізді үйретсек көркем мінез иесі боламыз.

   Осы орайда, үлгі тұтар тұлғамыз – Мұхаммед (с.а.с) пайғамбарымыз жайлы Әнәс ибн Мәлик деген кісінің: «Он жыл Пайғамбарымыздың жанында қызмет еттім. Сол уақыт аралағында бірде-бір рет ‘Туф! Неге бұлай істедің?! Былай істегеніңде ғой!’», - деген емес, деп айтқан сөзі бізді ойлантпай қоймайды...

Kuanysh SerikKuanysh Serik
6 лет назад 5064
0 комментариев
О блоге