Құраннан ғибрат: Періштеден артық қылған білім
Құраннан ғибрат: Періштеден артық қылған білім

Періште және білім

         Алла Тағала біздің түпкі бабамыз Адам атаны жаратар кезінде періштелерге: «Мен жер бетіне бір өкіл жаратамын», - дейді.

Періштелер: «Қан төгіп, бұзғыншылық жасайтын біреуді жаратасың ба? Біз саған құлшылық қылып, саған мақтау айтып, сені бүкіл кемшіліктерден пәктейміз ғой!» - деп таңғалыстарын білдіреді.

Алла Тағала оларға: «Мен сендердің білмейтіндеріңді білемін», - деп жауап қатады. Содан кейін Адам атаны жаратып, оған барлық нәрселердің атауларын үйретеді, яғни, бүкіл мақұлық атаулыны оған көрсетеді де, мына жануардың аты мынадай, мына заттың мынадай деген сияқты айтып береді.

Сосын сол нәрселерді періштелерге көрсетіп: «Егер шынымен де Мен жер бетінде қан төгіп, бұзғыншылық жасайтын біреуді өкіл қылады деп ойлайтын болсаңдар, онда мыналардың аттарын айтыңдар», - дейді.

Періштелер: «Сен нұқсандықтан пәксің! Бізде сенің үйреткеніңнен басқа білім жоқ. Сен барлық нәрсені білушісің, даналық иесісің», - деп бастарын иеді.

Сосын Алла Тағала Адамға "Мыналардың аттарын атап бер", - дейді. Адам ата барлығын айтып берген кезде, періштелерге қарата «Мен сендерге айтпадым ба?! Мен көктер мен жердегі сендерге беймәлім болған барлық нәрселерді, сендердің ашыққа шығарғандарыңды да, іштеріңде жасырғандарың да білемін демедім бе?!» - деп ескертеді.

Ғибрат:

Алла Тағала бүкіл нәрсенің басы мен соңын, ненің жақсы ненің жаман екенін біле тұра Адам атаны жаратар кезде періштелердің пікірін сұрайды. Бұл бізге, білімі шектеулі болған адамзат баласына бір маңызды іске кірісерде айналамызбен кеңесу керектігін көрсетеді.

Ғылым-білімнің ешқандай білім үйренбестен тек қана құлшылық-ғибадат етуден артық екендігін білдіреді. Себебі, Алла Тағала Адамның періштелерден артықшылығын оларға көрсету үшін бүкіл заттардың атауын оған үйретеді. Яғни, қарапайым заттардың атауын білудің өзі – Адам атаны періштелерден артық етті.

Бұл мәліметтер Құранның Бақара сүресі 30-33 аяттары және тәпсірінен (Нәсәфи тәртіпі) алынды.

Мен не түйдім?!

Өзінің кемшілігін мойындай білу, қателігі белгілі болғанда қасарыспай бас иіу.

Бізді Алла Тағала әрдайым бақылап тұр. Біздің әрбір істеген ісімізден де, ішімізде жасырған ойымыздан да хабардар.

Әр адам құрметтелуге тиіс. Себебі ол жер бетіндегі Алланың өкілі.

Сондай-ақ әр адам осы ұлы мәртебеге лайық болуға тырысу керек.

Сіз бұл аяттардан қандай ғибрат алдыңыз?

Kuanysh SerikKuanysh Serik
6 лет назад 4230
0 комментариев
О блоге