2-күн. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жомарттығы
2-күн. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жомарттығы
Пайғамбарымыз (с.а.с.) қолындағы соңғы тиынына дейін бір мұқтаж кісіге бере алатындай дәрежеде жомарт еді. Керек болса көмек сұрап келген бір адамның алдына бір отар қойды салып жіберген кезі де болған. Бұдан ерекше әсерленген әлгі адам ауылына барған соң Пайғамбарымыздың еш кедейліктен қорықпастан қолындағысын бере салғанын айтып, қауымын мұсылман болуға шақырады.
 
Қолында артық заттың тұрғанын қаламай, садақа қылып беріп жіберетін. Ешқашан өзінен бір нәрсе сұрап келген адамға «Жоқ» деп айтпайтын, қолында бар болса беретін, жоқ болса қарызға алып болса да мұқтаж адамның көңілін қайтармауға тырысатын.
 
Бірде өзінен бір қажеттілігін сұрап келген мұқтаж жанға қолында беретін ештеңесі болмағандықтан «Қажет затыңды менің атыма жаздырып қарызға ал», - дейді. Сонда Омар есімді сахабасы «Уа, Алла елшісі! Қолыңызда барын бердіңіз. Жоқ нәрсе үшін міндетті емессіз ғой», - деп қалады. Бұған пайғамбарымыздың разы болмағандығы оның жүзінен байқалады. Сол кезде тағы бір жолдасы тұрып, «Бере беріңіз! Алла елшісі! Ғарыштың иесі Алла Тағала азайтады деп қорықпаңыз», - дейді. Сол кезде Пайғамбарымыз күлімдеп, «Мен осы нәрсеге бұйырылдым», - деген екен.
 
Пайғамбарымыздың атымтай жомарттығына дәлел болатын осы іспеттес оқиғалар жетерлік. Енді кезекті Сол кісіден үлгі алған жанындағы жолдастарына берсек.
 
Біргүні мұсылмандарға қарсы Румдықтар әскер бастап жолға шығыпты деген хабар жетеді. Мұны естіген Пайғамбарымыз оларға қарсы дайындықты бастап кетеді. Жан-жаққа жар салып, әркімді шамасына қарай әскерге қажет заттарды ортаға салуға шақырады. Бұл уақыттарда мұсылмандардың жағдайлары жақсарып қалған кез еді. Хазіреті Омар бүкіл мал-мүлкінің жартысын алып келеді. Ал, Әбу Бәкір бүкіл малын алып кепті. Оған Алла елшісі үй-ішіңе не қалдырдың дегенде: «Алла мен Оның елшісін», - деп жауап қайтарады.
 
Біздің халқымыз да негізі жомарттықтан кенде емес. Ежелден «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, Батыр болсаң жауға найзаң тисін», - деген даналықты ту етіп келе жатқан халықпыз ғой.
 
Бір назарда ұстайтын мәселе, жомарттықтың жөні осы екен деп, адамдарды тіленшілік пен жалқаулыққа үйретіп алудан да сақтану керек. Олай дейтініміз, бірде Пайғамбарымызға келіп кедейлігін шағымданған бір кісіге екі күміс ақша беріп, біреуіне тамақ ал да, біреуіне балта сатып алып, отын шауып әкеліп сат деп жібереді.он бес күн өткен соң жаңағы жігіт жүзі бал-бұл жайнап, ісінің берекелі болғанын, ақша тауып, үй-ішіне тамақ, киім-кешек алғанын айтып, разылығын білдіреді.
 
Тағы бір жолы қайта-қайта сұрана бірген бір жігітке де «Дүние деген қызылды-жасылды, өте тәтті нәрсе. Кімде-кім біреудің жомарттықпен бергенін алатын болса онда береке болады, ал көзін сүзіп қоймай сұрап алса береке болмайды, тура бір тамақ жегенімен қарны тоймаған кісі секілді болады. Беруші қол – алушы қолдан жақсырақ», - деп ескертеді. Бұл сөзден кейін жаңағы жігіт ешқашан ешбір адамнан өздері беріп тұрса да бірнәрсе алмаған екен.
 
Сөз соңы, дініміз бәрің бірдей бай болып кетіңдер немесе қолдарыңдағыны таратып жіберіп өздерің басқаларға мұқтаж болып отырыңдар да демейді. Егер кедейлікке шақырғанда зекетті парыз қылмайтын еді. Зекет дегеніміз байларға парыз екендігі белгілі. Бірақ сараңдыққа салынса байлықтың да зарарлы екені анық. Мен байлыққа өз ақылым мен білімім арқылы жеттім деп, шүкірінен жаңылудың жақсылыққа апармайтыны сөзсіз.
 
Халқымыздың әл-ауқаты жоғары, көңілдері де бай болуын тілейміз. Жомарт жандарымыз көп болсын. Жомарт жандар еліміздің ғылым-білімінің дамуына, халқымыздың рухын көтеруге үлес қосып, ғылымға инвестиция салса, екі дүниелік жақсылыққа кенеледі деп білем.

 

 
Kuanysh SerikKuanysh Serik
5 лет назад 3229
0 комментариев
О блоге