1-күн. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мейірімділігі.
1-күн. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мейірімділігі.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бойы тұнған мейірім еді. Адамдарды былай қойғанда, қоршаған орта, жан-жануарлар мен өсімдіктерге дейін екрекше жанашырлық танытатын. Бүгінгі қозғайтынымыз адамдарға мейірімділігі жайлы болмақ.

Пайғамбарымыз өсиеттерінде: «Адамдарға мейірімді болмағанды Алла Тағала мейіріміне бөлемейді», «Мейірімділік дегеніміз – тек жақындарына ғана емес, барша адам баласына (ешкімді бөліп жармастан) мейірімділік таныту», - дейтін.

Осы өмірде әр сөзі ісіне сәйкес келетін бірден-бір адам – Мұхаммед пайғамбар деп сенімді түрде айта аламыз. Себебі осы іспеттес өсиеттерін Ол кісі өз өмірінде қанша мәрте істерімен көрсетіп кетті.

Бірде бір сахаба әлі тамақ жемейтін кішкентай баласын Пайғамбарымыздың қолына береді. Пайғамбарымыз ол баланы құшағында ұстап тұрған кезінде бала оның үстіне кішетіп қояды. Пайғамбарымыз бала әбден болғанға дейін ештеңе деместен оны қолында ұстап тұра береді. Бәрі біткен соң біраз су алдырып жаңағы жерді шайып жібереді. Ешқандай ашу шақырып, артық сөз айтпайды.

Сондай-ақ, намазда имамдық қылып тұрған кезінде ұзын сүрелер оқығысы келетінін, алайда, жылаған балалардың дауысы құлағына келсе, аналары алаңдап, қиналып қалмасын деп намазды ұзатпайтынын айтады.

"Қарттарға да ерекше мейірімді еді. Үлкендерімізге құрмет көрсетпеген, кішкентайларымызға мейірімді болмаған біздің жолымызда емес", - деп ескертетін. Қолындағы жүгін көтеруге қиналып тұрған қарттарды көрсе үйіне дейін жеткізіп салатан болған.

Алла елшісі әрдайым айналасына жәрдемдесуге асық болып тұратын. «Адамдардың Аллаға ең сүйіктісі басқаларға ең пайдалысы. Мен үшін қандай да бір бауырымның қажеттілігімен жүруім мына мешітімнен бір ай шықпай ғибадат етуіміме қарағанда жақсырақ», - деп, адамдарды жақсылық жасауға шақыратын. Өзі осы жақсылықтардың басында тұратын. Ол кісінің жасаған жақсылықтарының себебімен қаншама адам Ислам дінін қабылдаған.

Пайғамбарымыз дұшпандарына қарсы да мейірімді еді. Меккеге сыйдырмай, өлтірмекке бел буған руластары, Пайғамбар Мединеге көшіп кеткен соң да Оған тыныштық бермей, артынан іздеп келіп бірнеше мәрте әскери шабуылдар жасаған. Сол шайқастардың бірінде Пайғамбарымыз бірқатар жарақаттар алады. Тістері сынып, жүзі қанайды. Сол кезде бұған шыдамаған кейбір достары «Оларға лағынет айтып, Алладан қарғыс тілесеңші», - дегенінде, «Мен қарғыс үшін емес, мейірім үшін жіберілген Пайғамбармын», - деп, «Уа Алла! Бұл қауымым Менің хақ жолда екеніңді әлі түсінбей жатыр, оларға тура жолыңды нәсіп ете гөр!», - деп дұға қылады. Кейін сол адамдардың арасынан Пайғамбар десе жанын беретін талай адамдар шығады. Ол жайлы алда тағы айтармыз.

Мейірім – тек жақсылық жасаумен ғана өлшенбейді. Адамды істеп жатқан қателігінен қайтарып, оған ақтың – ақ, қараның – қара екенін көркем түрде түсіндіре білу, сол арқылы оны орны толмас өкініштерге тап болудан сақтап қалу да мейірімділіктің белгісі болып есептеледі. Осыған қатысты мына оқиғаны айтқым келіп тұр.

Бірде бір жас жігіт Пайғамбарымызға келіп, Одан өзіне зина (ойнас) жасауға рұқсат беруін сұрайды. Алла елішісінің айналасында отырған адамдар жігіттің бұл сөзіне тіксініп, бұлай сұрауға қалай дәті барды екен деп реніштерін білдіреді.

Сол кезде Пайғамбар жігітті жанына шақырып отырғызады да «Сенің анаңмен, қызыңмен, әпкеңмен немесе қарындасыңмен біреудің ойнас жасағанын қалар ме едің?!» - деп жеке-жеке сұрап шығады. Жігіт әрбір сұраққа «Аллаға ант етейін! Жоқ, әрине!», - деп жауап береді. Сонда Алла елшісі «Басқа адамдар да өз туысқандарымен біреудің ойнас жасағанын қаламайды», - дейді, қолын оның үстіне тигізіп тұрып «Алла Тағалам! Мұның күнәсін кешір! Жүрегін тазала! Ар-намысын сақта!» - деп дұға етеді. Бұдан кейін әлгі жігіт мұндай сөзді айту түгілі ойына да алмайтын болады.

Кейіннен Пайғамбарымыздың өзі құда түсіп жаңағы жігіттің отау құруына себепші болғандығы айтылады. Алла елшісі, осылайша, әр істі соңына дейін жеткізетін еді.

Пайғамбарымыздың мейірімділігі сырттағы адамдармен ғана шектеліп қалған жоқ, өз отбасы, балаларына да ерекше мейірімділікпен қарайтын. Ол кісінің жұбайы Айша анамыз , Пайғамбарымыздың ешқашан ешкімге, қызметшісіне де, әйеліне де қол көтермегенін айтады. Ешуақытта тамаққа мін тақпаған екен, ұнатса жақсы көріп жейтін, ұнатпаса ақырын ғана ысырып қоятын.

Мұның астарында адамдардың еңбегін бағалау жатыр. Себебі, бір тілім нанның өзі сіздің алдыңызға дайын күйде келуі үшін жер жыртып, егін салушы кісіден бастап қаншама адамның тер төккені белгілі. Енді келіп оған мін тағатын болса, сол адамдардың бәрінің еңбегін жоққа шығарғандай боламыз ғой. Оған қоса сол тамақты әзірлеген жұбайымыздың да көңілін қалдырамыз.

Айта берсек Алла елшісінің мейірімділгі жайлы сөз таусылатын емес. Осы жерден тоқтайық. Осыншалықты мейірімді бір Пайғамбардың үмметі болған біздер шын бақыттымыз. Сол пайғамбарға лайықты үммет болуымызды баршамызға нәсіп етсін.

Kuanysh SerikKuanysh Serik
5 лет назад 5385
0 комментариев
О блоге