Қарыз-Парыз
Қарыз-Парыз

Қарыз-парыз

Бәріміз қарыздармыз. Ең алдымен, бізді жаратып, сансыз нығметіне бөлеген Алла Тағалаға қарызбыз.

 

Бізге тура жолды көрсетіп, өмірімізге үлгі болған – Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарымызға қарызбыз.

 

Мұсылмандықты бойларына сіңіріп, біздің мұсылман елінде дүниеге келуімізге себеп болған, осындай ұлан байтақ жеріміз, болашақ ұрпағы біздер үшін күресіп өткен – бабаларымызға қарызбыз.

 

Бізді жарық дүниеге әкеліп, өсіріп-жеткізген әке-шешемізге қарызбыз.

 

Жүрегін бізге сыйлап, өмірін бізге арнаған – жарымызға қарызбыз.

 

Алғаш әріп үйретіп, білім берген ұстаздарымызға қарызбыз.

 

Басшыларымыз – ел тізгінін сеніп тапсырып, құрмет көрсетіп, сыйлап отырған халқымызға қарыз.

 

Халқымыз – елімізді ішкі-сыртқы дұшпандардан қорғап, өркендеуміз ұшін қызмет істеп, біздерге зор мүмкіндіктер тудырып отырған басшыларымызға қарыз.

 

Қыста жылы үйде жатып, жылы жерде білім алып, жылы жерде жұмыс істегеніміз үшін – күн көзін көрмей еңбек етіп жүрген шахтерлерімізге қарызбыз.

 

Ауқатты адамдар мен кәсіпкерлер – қол астындағы жұмысшылары мен олардың өнімдерін сатып алып жатқан қарапайым халыққа қарыз.

 

Қарапайым халық – өздерін түрлі қажетті заттармен қамтамасыз етіп отырған өндірушілерге, саудагерлерге қарыз. Осылай кете береді...

 

Қысқасы қоғам, яғни, адамдар бір-біріне ажырамастай болып байланған. Бір-біріне қарыздар. Бірінің алдында бірі жауапты.

 

Ал, қарызды өтеу – парыз. Ендеше қарыздарымызды қалай өтейміз?! Парызымызды қалай орындаймыз?!

 

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Әр істеріңді көркем түрде істеңдер», - дейді.

 

Жаратушымызға көркем түрде құлшылығымыз бен шүкіршілігімізді қылып, әрбіріміз өзімізге жүктелген қызметіміз бен міндетімізді мүлтіксіз атқаруға тиіспіз.

 

Айналамыздағы адамдардың бәрін жақсы көріп, оларға мейірімімізді төгіп, олар болмаса өзіміздің өмір сүре алмайтынымызды шын ұғынуымыз керек. Осылайша, әр адамның қадірін біліп, құрметпен сыйлаумыз қажет.

 

Шәкәрім атамыз айтқан «Келдім қайдан? Қайтсем пайдам? Өлгеннен соң не болам?» - деген үш сұрақтың жауабын табуды ойлап, тапсақ соған сай өмір сүруіміз тиіс.

 

Иә, өмірге адам болып келген екенбіз, енді осы атқа лайық болу міндетіміз. Осыны терең ұғынған  Жәнібек Кәрменов атамыз:

Адам боп келдім өмірге

Адам боп өту тілегім, - деп жырлаған болар.

Kuanysh SerikKuanysh Serik
5 жыл бұрын 3150
0 пікір
Блог туралы