Әр адам баласының өзіне үлгі тұтып, еліктейтін бір немесе бірнеше тұлғасы болады. Бірнешеу дейтін себебіміз, бір ғана адамның бойынан өзіне қажетті барлық жақсы қасиеттерді таба алмайды немесе бір адамның бір мінезі ұнаса, келесі бір қылығы көңілінен шықпай жатады. Тіпті кейде кейбір тұлға деп үлгі тұтып жүрген адамының бойынан жағымсыз бір іс көргенде одан мүлде күдер үзіп кетуі мүмкін.
Осы орайда сөздің реті, Ардақ Жұмабенкұлы ұстазымыз: «Мені еш кемшіліксіз деп ойлап жүрмеңдер. Бәріміз пендеміз, бәріміздің бір қателігіміз болуы мүмкін. Егер біреуді кемшіліксіз деп ойлап, солай сеніп қалатын болсаңдар, оның бір оғаш қылығын көрген кездеріңде оны жек көріп кетулерің мүмкін», - деп айтушы еді.
Сол айтқандайын кемшілікіз адам табу мүмкін емес.
Алайда, еш күнә жасамаған, қай жағынан алып қарасаңыз да бүкіл адамзат баласына үлгі болатын бір адам бар. Ол кісі – сан ғасырлар бойы жүректерде орын алған, қаншама ақындар мен жазушылардың шығармаларына арқау болған, қаншама адам Ол жайлы еңбек жазу арқылы абыройға бөленген, қаншама адам Оны өзіне үлгі етумен өмірінің сан-саласында оңтайлы шешімдер тауып, бақытқа кенелген – Алланың ардақты елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.).
Ол кісіні еш кемшіліксіз болуының себебі – Оны бүкіл әлемді жаратушы Алла Тағаланың өзі тәрбиелеп, адамзатты жақсылыққа бастау үшін елші қылып таңдаған.
Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) 571 жылы Мекке қаласында дүниеге келіп, 23 жылдық пайғамбарлық міндетін абыроймен атқарып, 632 жылы Медине қаласында өмірден озды.
Азғындықтың шегіне жеткені соншалықты өз қолдарымен жасап алған пұттарына құдай деп табынып, туған қыздарын тірідей жерге көміп, арақты судай ішіп, мықтылар әлсіздерді езіп-жаншып, таразыдан жеу, өсімқорлық (жоғары пайызбен ақша жеу) кең жайылып, ар-ұяттан безіп Қағбаны тыр жалаңаш айналып жүретін (айта берсек азғындықтарына сан жетпес) қараңғы қауымды 23 жылдың ішінде Алланың жәрдемімен жарыққа алып шықты.
Күштілігіне мақтанып түйенің өркешін тірідей кесіп алатын кісілер жазықсыз құмырсқа өлтіруге дәті бармайтын жұмсақ жүректі жандарға айналды. Бастары қосылмай бытырап, бір-бірімен қырық пышақ боп қырқысып жүрген араб рулары бір тудың астына жиналып, ізгілікті негіз еткен мемлекет құрылды. Мейірімділік, адалдық, әділдік, адамгершілік, шыншылдық, ғылым-білім сияқты қасиетті құндылықтар жүректерге сіңді.
Бұл ізгіліктер уақыт өте келе бүкіл әлемге жайылды. Біздің ата-бабаларымыз да мұндай құндылықтарды жатсынбағандықтан Ислам дінін қабылдап, мұсылмандық мідениетті одан әрі гүлдендіріп жалғастырды.
Осы қасиетті жолдың бастаушысы болған Мұхаммед пайғамбарымызды тереңірек танып-біліп, өмірімізге үлгі ету мақсатында алдағы күндерде ол кісінің игі қасиеттеріне жеке-жеке тоқталып, жазатын боламын Алла қуат берсе. Бір адам болса да мұнан пайда алса біз үшін үлкен жетістік деп білеміз.