Құраннан ғибрат. Перзент сүйгіңіз келсе...
Құраннан ғибрат. Перзент сүйгіңіз келсе...

   Перзент сүйгіңіз келсе..

   «Көктер мен жердің билігі Алланікі. Ол қалағанын жаратады. Қалағанына қыздар ғана береді, қалағанына ұл балалар ғана береді. Немесе ұлдар да, қыздар да береді. Кімді қаласа ұрпақсыз қылады. Ол барлығын білуші, барлық нәрсеге құдіреті жетуші», - дейді Алла Тағала қасиетті Құранда Шура сүресінің 49-50-аяттарында.

   Әлқисса. Баяғы өткен замандарда Имран деген кісінің әйелі жүкті болғанында, ішімдегі балам аман-есен өмірге келсе Аллаға құлшылық қылатын ғибадатхананың қызметіне беремін, дін жолына арнаймын деп сөз береді. Алайда өмірге қыз бала келеді. Сонда да Алла Тағала ол қыз баланы қабыл етіп, Зәкәрия пайғамбарды оған бас-көз болуға бұйырады. Зәкәрия пайғамбар мешіттің қасынан оған бір бөлме салып береді. Бұл қыз келешекте Иса пайғамбарды дүниеге әкелетін – Мәриям анамыз еді. Ол кісінің жанына тек қана Зәкәрия пайғамбарға ғана кіруге рұқсат болатын. Әр кірген сайын Зәкәрия пайғамбар оның жанынан жемістер көретін. Маусымы емес жемістерді көргенде, таңғалып «бұлар қайдан келді?» – деп сұрайды. Мәриям «Бұл Алланың құзырынан. Алла қалағанын есепсіз рызықтандырады», - деп жауап береді. Зәкәрия пайғамбардың жасы қартайған, әйелі бедеу еді. Мына кереметті, яғни, қыстыгүні жаздың жемісін көрген кезінде үміті оянып, перзент сүйгісі келеді де, Аллаға жалбарынып «Рабби һәб лии милләдункә зурииәтән таиибәтән иннәкә сәмиғуд-дуға (Раббым, маған ізгі бір перзент бере гөр! Сен дұғаларға жауап берушісің)», - деп дұға қылады. Кейін мешітте намаз оқып тұрғанында бір періште келіп, Алла Тағала сені Йахиа (қазақша Жақия) есімді перзентпен сүйіншіледі деп хабарлайды. Зәкәрия пайғамбар қатты таңғалғанынан «Раббым, менің қалайша балам болады, жасым болса қартайды, әйелім де бедеу ғой», - дейді. Алла Тағала: «Солай, Алла қаласа осындай небір кереметтер істейді», - деп жауап қатады. Ибраһим пайғамбардың дәл осындай жағдайда перзент сүйгені де Құранда баяндалады.

   Иә, Алланың құдіреті шексіз. Қиссадан көргеніміздей, «Шын жыласа соқыр көзден жас шығады», - дегендей, Алладан жалынып тілейтін болсақ, қазынасы мол Алла бізге де ізгі ұрпақтар нәсіп етеді деп сенеміз. Бұл, денсаулығыңды тексертпе, өзіңді күтпей-ақ қой, емделмей жүре бер дегенді білдірмейді. Денсаулық өз алдына жеке бір аманат.

   Сондай-ақ, перзентім болса осындай ізгі амал істеймін, садақа беремін деп немесе т.б. жақсы істермен нәзір ету де (Аллаға сөз беру) шариғатымызда рұқсат.

   Әр қазақ отбасы сәбидің күлкісіне толып, сол сәбилер еліміздің болашағын жарқын ететін үлкен азаматтар болсын. Әумин!

Kuanysh SerikKuanysh Serik
2 месяца назад 2074
0 комментариев
О блоге