ЫСЫРАП
ЫСЫРАП

   Ысырап дегенде алдымен – ақшаны оңды-солды шашу, аста-төк астамшылық ойға оралатыны сөзсіз. Әрине, Алланың берген несібесін орнымен пайдаланып, негізгі қажеттіліктерімізге қолдануымыз керек. Бірақ қазір менің айтпағым – уақытты ысырап етпеу жайлы. Бұл сөзді мен алғаш рет 2013 жылы Астана медресесіне оқуға түскенімде естідім. Оған дейін уақытыңды тиімді пайдалану деген нәрсеге қатты мән бермеппін. Иә, уақыт ең бағалы нәрсе. Себебі, әрбір өткен минуттар ол біздің өміріміз, бізге берілген мүмкіндік. Соның қадіріне жетіп, дұрыс пайдалану адамдық борышымыз.
  Бір пайдалы іспен шұғылданудың орнына телефонымыздан қажетсіз нәрселерге қарап жататын болсақ – бұл ысырап болады. Бойымыздағы қабілетімізді, күш-қуатымызды керексіз жерге босқа жұмсасақ – бұл да ысырап болады. Жұрттың бәрі қолынан келгенше еңбектеніп тырысып бағуда. Біз де өмір көшінен артта қалып қалмай, өзімізді дамытуға, жаңа пайдалы нәрселер үйренуге, өзіміздің бар қабілетімізді аша білуге тиіспіз. Өйткені, өмір екінші рет берілмейді. Мүмкіндіктерімізді уақытында пайдаланып қалмасақ, кейін Мәшһүр Жүсіп атамыз сипаттаған мына адамдай өкініп қалуымыз әбден мүмкін:
Өмірді қымбатқа алған - арзан саттық,
Жастықтың қадірін білмей босқа жаттық.
Күнәні - арзан, сауапты қымбатсынып,
Обалға белшемізден күнде баттық...

Kuanysh SerikKuanysh Serik
6 ай бұрын 1115
0 пікір
Блог туралы