Үлкенге құрмет, кішіге ізет
Үлкенге құрмет, кішіге ізет

   Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) «Кішкентайларымызға мейірімділік танытпаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам –  біздің жолымыздан емес», - дейді. Ғасырлар бойы Ислам дінінің құндылықтарын бойына сіңірген қазақ халқында да «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», - деген мақал бар. Осы өнегелі өсиеттерді қалай түсініп жүрміз?! Үлкеннің алдын кеспей, сөзін бөлмей, қолымыздан келгенше көмек көретуге тырысатынымыз анық. Кішкене бала көрсек басынан сипап, соның тілінде сөйлесуді де ұмытпаймыз.

   Осымен болды ма?! Жоқ, әрине! Менің айтпағым басқа мәселе.

   Қарттар үйін салып беріп, анда-санда барып көңілдерін сұрап тұрумен іс бітпейді. Ол жердегі жандардың бәрі бірдей бала-шаға, туған-туған туысы жоқ адамдар емес екендігін білеміз. Өз балалары мен туыстарынан пана таппаған соң келіп отырғандары да қаншама...  Жетімдер үйінің жағдайы да осыған ұқсас...

   Қауқары қайтқан қарттарымыз бен көздері жәутеңдеген кішкентайларымыздың мұндай күйге түсіп отырғандары өкінішті-ақ. Біреуді кінәлаудан аулақпыз. Дегенмен, «Оларды осы халге әкелген не нәрсе?» - деген сұрақ туындайды. Мейірімнің азайғаныма, әлде, мүлде жоғалғаны ма?! 

   Абай атамыз: «Бір адам жаман болса – оған замандастарының барлығы кінәлі», - дейді, қара сөздерінің бірінде. Баласын жетімдер үйіне, ата-анасын қарттар үйіне тапсырушылар өзіміздің арамыздан шығып жатқан қаракөздеріміз. Біз өмір сүріп жатқан қоғамда өсіп-жетілген адамдар. Олай болса, бұл нәрсенің алдын алу, бұл мәселені шешу – есі бар әр қазақ баласының жүрегіндегі дертіне, көңіліндегі уайымына айналу керек. Сосын, тағы да Абай атамыз айтқандай «Сол уайымды кетіретін іс-әрекеттерді жасауға көшуіміз қажет». Неден  бастаймыз. Алдымен, мұның себептерін анықтауымыз керек. Шариғатта неке қиылмай түрып қыз бен жігіт бір-бірінің тіпті қолынан да ұстауға болмайды. Осы шекті аттап өтіп, мән бермеудің нәтижесінде тірі жетімдер мен өмірге келмей жатып өмір сүру құқығынан айрылған балалардың саны артуда. Әрине, бұл бір ғана себеп емес. Кейбір ажырасулардың соңы да қанша адамның өмірін бұзатындығы белгілі. Ал, ата-анасын қарттар үйіне өткізетін адамның қандай уәж айтатындығын білмедім. «Ата-анасы тірі тұрғанда оларға қызмет көрсетіп, разылығын ала алмай, нәтижеде жұмаққа кіре алмаған адам мұрнымен жер сүзсін», - деген Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.).

   Бәрін тізіп жазбай-ақ қояын. Осы іспеттес күрделі мәселелер жетерлік. Көздері тірісінде қарттарымыздың қадірін біліп, жастарымызды зиянды әдеттерге жоламай дұрыс өмір сүруге шақыру, келешек ұрпағымызға мейірімге толы қоғам қалдыру біздің парызымыз. Міне, «үлкенге құрмет, кішіге ізет», - дегеннің мағынасы осындай кең.  

  Менің не істейін дейсіз бе?! Бойымызды мейірімге толтырып, айналамызға сол мейірімділікті жаю әрқайсымыздың қолымыздан келеді. Тым болмаса, «қоғамымызда жетімдер мен қарттар үйі жоқ немесе барынша аз болса, құрсаққа біткен сәбилер жарық дүниеге аман-есен келсе» деп армандап, Алладан тілек тілейік. Бұл бір жағынан Аллаға жалбарыну болғанмен, екінші жағынан өзімзге жүктеген тапсырмамыз болады.  

Kuanysh SerikKuanysh Serik
6 ай бұрын 1102
0 пікір
Блог туралы