Рамазан-Айт
Рамазан-Айт

Рамазан-Айт

Көзді ашып-жұмғанша қасиетті Рамазан айы да өтіп кетті. Исі мұсылман баласы шама-шарқы жеткенінше оразасын ұстап, ауыз ашар беріп, айналасына жақсылық, мұқтаждарға қайырымдылық жасап, қасиетті айдың шарапатынан пайдалануға тырысып бақты. Күннің ыстығында өзін ас-судан тыйып, тілін өсек-ғайбат, былапыт сөзден, көзін күнаға қараудан, қол-аяғын күнә жасаудан сақтауға тырысты. Өтірік сөзден, алдап-арбаудан, біреуге қиянат-зұлымдық, опасыздық қылудан, берген сөзінен тайқудан аулақ болуға бар күшін салды. Басқа да жамандық атаулыдан ұазқ жүруге талпынды. Себебі, егер мұндай нәрселерден бойын тартпаса тұтқан оразасының еш мәні қалмайтынын білді.

 

Мұсылман жамағаты ауызашарларда бас қосты. Көптен көрмеген, ағайын-туыс, тамыр-таныс бір дастарқан басында рухани әңгіме айтып шер тарқатысты. Еліміздің мұсылмандары діни басқармасы қаншама қайырымдылық істерге мұрындық болып, аймақ-аймақтарда «Рамазан керуендерін» ұйымдастырды. Жекелеген ерікті жандар да түрлі қайырымдылық шараларды жүзеге асырды.

 

Мұның бәрі Рамазанның берекетімен болып отырған нәрсе.

 

Аллаға шүкір, бағзы «мерекелердегідей», ораза ұстаған біреу көлікті шамадан тыс жылдамдықпен жүргізіп, жол апатына себепші болды, туысқанын немесе досын пышақтап өлтірді деген жаман жаңалықтар естіген жоқпыз.

 

Бұл да қасиетті Рамазанның шарапаты.

 

Бізге Рамазанда оразаны парыз қылып, осындай керемет мүмкіндіктерді сыйлаған Жаратушы Иеміз Алла Тағалаға сансыз шүкіршіліктер болсын. Осы айда бойымызға сіңіруге тырысқан жақсылықтар әрдайым бізден ажырамасын. Пайғамбарымыз сүйіншілегендей бүкіл біліп-білмей жасаған кішігірім қателіктеріміз кешірілген болсын. (Себебі, үлкен күнә жасаған болсақ арнайы тәубе етуіміз қажет. Оның өз шарттары бар. Істеген күнәсінан бас тартып, шынайы өкіну, енді қайтып оған жоламауға бел буу деген сияқты).

 

Отыз күн оразасын шынайы түрде ұстап, Айт намазына бара жатқан пенделерді періштелер жұмақпен сүйіншілейді екен. Сол сүйіншіге ие болуымызды баршамызға нәсіп етсін. Ары қарай да осы сүйіншімізден айырылып қалмай, тура жолда берік болайық.

 

Ұстаған оразаларымыз қабыл, иманымыз кәміл болсын. «Айт» дегеніміз арапшада «мереке» деген мағына. Мұсылман адам үшін жұмақпен сүйіншіленуден асқан мереке бар ма?! Сондықтан айттарыңыз құтты болсын. Халқымыз түрлі бәле-жаладан аман, еліміздің тұғыры биік, тәуелсіздігі баянды, ұл-қыздарының бірлігі мығым, берекесі молынан болсын. Әр шаңыраққа шаттық тілейміз!

 

 

Kuanysh SerikKuanysh Serik
5 ай бұрын 1123
0 пікір
Блог туралы