Бәріміз Алла жолындамыз, егер...
Бәріміз Алла жолындамыз, егер...
  •    Пайғамбарымыз (с.а.с) бен сахабаларының жанынан бір кісі өтіп бара жатты. Оның күш-қуатын көрген сахабалар: "Шіркін, мына жігіт Алла жолында күрескенде ғой", - дейді. Сонда Пайғамбарымыз: "Егер ол кішкентай балаларына напақа табу үшін кетіп бара жатса, онда Алла жолында. Егер қарт ата-анасын асыраймын деп жұмысқа бара жатса, онда да Алла жолында. Егер ешкімге мұқтаж болмайын деп, өз несібесі үшін еңбек етуге бара жатса, тағы да Алла жолында. Ал, егер мақтаныш, рия үшін осылай бара жатқан болса, онда шайтанның жолында", - деген екен. Иә, хадисте көргеніміздей ниетіміз түзу болса, әрқайсымыз еткен еңбегіміз үшін сауапқа кенеледі екенбіз. 
       Ал осы істеп жүрген ісімізге тек ақылы жұмыс деп қана қарамай, қоғамға пайдам тисін деп қарайтын болсақ, құрылысшы мен салып жатқан үйде келешекте өзім секілді адамдар өмір сүреді ғой, сондықтан әр ісіме мұқият болайын деп жауапкершілік танытса, тазалықшы жұмыс орным таза болсын, адамдардың денсаулығына зарар келмесін десе, дәрігер осы науқас тезірек сауығып кетсе екен деп, жүзіне күлімдеп қарап, өз баласындай қамқорлық көрсетсе, ұстаз (мектептегі мұғалім ғана емес, әр адам өзінше ұстаз негізінде, кемінде бір отбасының ұстазы) шәкірттерім пайдалы нәрсе үйренсін, үлкен өмірде жемісін жеп, еліне пайдасы тиер азамат болсын деп бар ықыласымен білім берсе, басшы халқымның рухы мықты, қарны тоқ, ұйқысы тыныш болсын деп қолынан келгенше күшін жұмсаса ..... айта берсек көп қой, егер осылай әрбіріміз өз қызметімізді шын ниетімізбен атқарсақ, тағы да сауапқа белшемізден батамыз. 
       Бұған қосымша, сіз жақсы болып айналаңызға үлгі көрсетсеңіз, сізді көріп басқалар да жақсылыққа бет бұрса тағы сауап аласыз. Себебі, Пайғамбарымыз "Кім біреуді жақсылыққа бағыттаса сол жақсы амалды істегендей сауап алады", - деген.
       Осымен үш сауап болды. Бұған тағы бір нәрсе қосамыз. Өмірдегі ең маңызды құндылықтардың бірі жан тыныштығы ғой. Біз ісімізді осындай ықыласпен істейтін болсақ жанымыз жақсылықтан ләззат алып, тыныштық табатыны анық.
       Еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыз бай-қуатты, тәуелсіздігіміз баянды, келешегіміз жарқын, өзіміз де, ұрпақтарымыз да бақытты болсын деп тілейміз.
       Осы жолда титтей де болса үлес қоса алсақ - бұл дүниеден алған ең жақсы еншіміз болмақ.
Kuanysh SerikKuanysh Serik
3 ай бұрын 1311
0 пікір
Блог туралы